Спорт министрі Головкиннің World Boxing-тегі қызметінің маңызын айтты

2 507

Фото: DodaNews.KZ Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Геннадий Головкинді Қазақстанның брендіне айналған тұлға деп атады. Бұл туралы министр Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

 Геннадий Головкин бүгінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті қызметін атқарып отыр. Бұдан бөлек, ол 2025 жылдың қараша айында World Boxing халықаралық федерациясының басшысы болып сайланды. Ербол Мырзабосыновтың пікірінше, бұл – отандасымыздың халықаралық спорт кеңістігіндегі айтулы жетістігі.

«Геннадий Головкин – біздің брендіміз. Халықаралық майданға алғаш рет шығып, аса танымал спорт түрін басқарған тұлға. Біз үшін бұл – үлкен жетістік. Өйткені осыған дейін халықаралық ұйымдарда отандастарымыз халықаралық спорт федерацияларын басқарған емес», деді министр Үкіметтегі брифинг барысында.

 Министрдің сөзінше, әлемдік тәжірибеде маманның бір мезгілде халықаралық спорт федерациясын және ұлттық олимпиадалық комитетті басқаруы қалыпты жағдай болып саналады.