Елімізде медициналық комиссиясыз 600- ге жуық адам мүгедектік диагнозын растады», - дейді Сәлима Алпысова

556
Солтүстік Қазақстанда мүгедектігі бар 26 мыңға жуық адам тұрады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 Мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында еліміздің әлеуметтік саласында көптеген оң өзгеріс енгізіліп жатыр. Былтыр қараша айында медициналық ақпараттық жүйені біріктіру нәтижесінде мүгедектікті сырттай анықтау пилоттық жобасы енгізілді. Бұл жыл сайын медициналық комиссиядан өтіп, өзгермейтін диагнозын қайта дәлелдеуді қажет  ететін пациенттер үшін ыңғайлы. Жалпы мүгедектікті сырттай анықтау пилоттық жобасы аясында 12 түрлі нозологиялық ауру түрлерін қашықтан растауға болады. Яғни кабинеттен кабинетке жүріп құжат жинаудың қажеті жоқ, бұл рәсім жеңілдетілді.

«Сырттай куәландыру жобасына қатысу бойынша СҚО Алматыдан кейін 2 орында тұр. Бұл жақсы нәтиже. Егер 12 түрлі нозологиялық ауруға қатысты бөліп қарайтын болсақ, қатерлі ісікпен ауыратын 300-ден астам адам, қант диабетімен ауыратын 17 сырқат, Даун диагнозы қойылған 5, психикалық бұзылулары бар 50-ден астам бала және инсультке шалдыққан 100-ден астам адам сырттай куәландырудан өтті. Енді жыл соңында проактивті куәландыру үшін нозология ауру түрлерін кеңейту жоспарланып отыр», - дейді ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Сәлима Алпысова.


 Маманның айтуынша, емханада 031/у және 033/у электронды формасы толтырылады. Пациенттің рұқсатымен жеке мәліметтері өңделіп, дәрігері медициналық-әлеуметтік сараптамаға қорытынды толтырады. Мүгедектік тобын беру туралы сараптамалық қорытындыны басқа үш өңірдің сарапшысы шығарады. Осыдан кейін қызмет алушының ұялы телефонына мемлекеттік қызмет көрсетілетіндігі және аумақтық департаментке хабарласу қажеттігі жөнінде хабарлама келеді.

«Мүгедектік туралы құжатты қызмет алушы ешқайда бармай-ақ e-gov-тағы жеке кабинеті арқылы да ала алады. Қазіргі уақытта өңірде 600-ге жуық адам мүгедектікті сырттай анықтау пилоттық жобасына қатысып, медициналық комиссиядан өтпей-ақ өзгермейтін диагнозын растады», - дейді Сәлима Алпысова.