Полицейлер қамаудағылардың басына дорба кигізіп ұрып-соққан
Түркістан облысының прокуратурасы аймақта полицейлердің адам азаптағаны туралы айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
"Басқа дорба кигізіп, ұрып-соққан, психологиялық қысым жасаған. "Кінәні тұтас мойныңа ал әйтпесе мойныңа тағы басқа қылмыс ілеміз, жақындарыңа қысым жасаймыз" деп қорқытқан",- деп мәлімдеді Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саят Келдібеков.
Оның сөзінше, қылмыстың басым бөлігін полиция қызметкерлері жасаған. Прокуратура өкілі олардың әрекетін "өкілетті асыра пайдалану" деп сипаттады.
"Кейбір өтініштерде жәбірленушілер өздеріне қысым жасап, басқа қылмыс үшін айыптамақ болғанын, қарсы куәлік бергенін айтты. Мұның бәрі адам құқығына қайшы. Біз заңға, БҰҰ конвенциясы мен өзге де ережелерге бағынуға тиіспіз, бірақ соған қарамастан заңбұзушылықтар бар",- деді Саят Келдібеков.
Прокурордың айтуынша, азаматтар біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін азаптауға қатысты шағымданып жатады. Алайда ондай кезде азаптауды дәлелдеу қиынға соғады дейді.
Жыл басынан бері Түркістан облысының прокуратурасына азаптау бойынша 36 шағым түскен және барлығында-дерлік шағымданушылар полиция қызметкерлерін "билік өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптаған. Прокурордың сөзінше, айыпталушылардың көбі 3-6 жыл аралығында бас бостандығынан айырылған.
Шілде соңында Түркістан қалалық соты "адам азаптады" және "заңсыз ұстады" деп айыпталған 6 полиция қызметкерін түрме жазасына кескен. Іс материалдарына қарағанда, полицейлер екі ер адамды "қой ұрлады" деген күдікпен ұстап, оларды мойындатқызу үшін азаптаған.
Халықаралық және қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстанның қамау орындарындағы азаптауды жоюға үндеп келеді.
Биыл көктемде БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің өкілдері Қазақстандағы бірқатар қамау орындарын аралап, "Қазақстан тұтқындарды азаптаудан қорғау үшін тиісті шараларды жүзеге асыруға тиіс" деп мәлімдеген.
Қазақстан билігі азаптаумен күресіп келе жатқанын жиі айтады, алайда азаптау бойынша шағымдар азайған жоқ.