Қызылордалық көпбалалы ана: “Баламның дертіне дәрігерлер кінәлі”

1 109
Қызылордалық көпбалалы ана кенже ұлының денесін қаптаған атопикалық дерматиттің шығуына ақ халатты абзал жандарды кінәлап отыр, -  деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Медицина—адам денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқаттарды емдеу мен аурудың алдын алу, ұзақ өмір сүруге жетуді көздейтін тәжірибелік іс-әрекеттің және ғылыми білімдердің жүйесі деп білеміз.  Ал, дәрігер адам өміріне араша түсетін, үлкен жауапкершілікті жүктейтін маман. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез-келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. 

Алайда, бүгінгі ақ халатты абзал жандардың қоғамда алар орны бөлек. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Десекте, адам өмірін місе тұтпайтын, қызметіне ат-үсті қарайтын жандар да жеткілікті. Білімнің аздығынан ба, әлде «әке-көкенің» қаптағандығынан ба денсаулық саласында да шикіліктің бар екендігін аңғаруға болады. Олай дейтініміз, біздің редакциямызға көпбалалы ана Салтанат Болтаева хабарласып: «Менің 11 айлық ұлым Нұрсұлтан Ермекұлы 2 айлығында ыстығы көтерілгендіктен №5 аймақтық емханаға хабарласып, дәрігер шақыртқанмын. Арнайы медбикелер келіп, бізді ауруханаға алып барды. Облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігер қарауынан кейін, балама өкпесінің 18% ғана жұмыс жасап отырғандығын айтып, рентгенге түсіріп, шешім берген болатын. Содан 3 күн ем алып, 4-ші күні дәрігерлер шарана суы екен деп, бізді үйімізге қайтарған болатын»,-деді анасы.

Балаға бүгінде қойылған дәрігер нұсқаулығында атопикалық дерматит пен бронхиалды астма болып отыр. Өмір есігін енді ашқан періштенің денсаулығындағы кінәраттардың орын алуына дәрігерлерді кінәлаған ананың басты талабы: «Менің баламның денсаулығын қалпына келтірсін, я болмаса дұрыс емес диагноз қойған дәрігерлер жауапқа тартылсын», - деген. Осы орайда 2 айлық шақалақтың денсаулығына ақ халатты абзал жандардың салғырт қарағандығы  ма? Қате диагноз қойылып, қанша ма дәрі-дәрмек    үш күн бойына егілгенде  кері әсер бермеуіне кім кепіл бола алады?  Бала денсаулығына бей-жай қарайтындардың   қатары неліктен көбейіп отыр? 

«Үйге шыққаннан кейін, түннен азанға денесін белгісіз бөртпелер басып, қаптап кетті. Балам беймазданып, жылай бастады. Содан бері жағдайымыз осы. Жергілікті № 5  емхананаға қарасты аймақтық дәрігеріміз жоқ.  Кезекшілікке түскен кез-келген дәрігерді жіберіп, балама не болса соны жақтырып, одан әрі ушықтырып алды, қазір жауапкершілік деген жоқ» ,- деп налыған ананың жан айқайын естір құлақ болса, қанекей?!

Нұрсұлтанның анасы Салтанаттың айтуынша, менің жағдайымды білгісі келіп, емдеу барысына қол ұшын беріп, жүгіріп жүрген бір жан жоқ. Тиісті квотаның өзін таласа-тармаса жүріп, әрең алдым деген болатын. Осы орайда, сол № 5 қалалық емханаға ат басын бұрып, барған болатынбыз. Шындығында да, қаңтар айынан бері Қ.Данабаев көшесіне бір аймақтық дәрігердің болмағандығына да көз жеткіздік. Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Амишева Айгүл Шынтемировнаның да айтар уәжі болмады ма? Сіз маған қатынас хат жазып, сұрау алыңыз деп дөк қойып, кабинетінен шығып кетіп, орнына  №5 емхананың  бөлім меңгерушісі Гүлжанат Күзембайқызы: «Баланың денсаулығынан хабарым бар. Астана қаласына арнайы квотамен жазда барып, тексеріліп келген болатын. Қазіргі таңда бала денсаулығына байланысты  атопикалық дерматит пен бронхты асма болып есепке алынып отыр. Алдағы уақытта қажетті көмек мемлекет тарапынан берілетін болады. Ал қазір біз NAN гипоаллергенді сүт қоспасы мен пульмикорт дәрісін тегін ұсынып отырмыз»,- деді. 

Ананың ашуға булығып, баласы үшін жанын қоярға жер таппай   1 жылға жуық уақытта, баламның денсаулығын одан әрі құртып, бетіне шыққан жараның денесін түгелдей қаптап отырғандығы ызаландыратындығы хақ. Бүгінде есекжем ауруының күшейіп, 1 жасқа толмаған баланың жағдайын білуге шамасы келмеген дәрігерлерден бей-жайлықты ғана аңғардық. «Дәрігерге ата-ана өзі айына 1 рет келуі керек», «Бала жағдайы үшін  ата-анада диеталық режимді ұстау керек», «Ата-ананың жағдайына байланысты ем толық алынбаған», т.с. сөздерді алға тартқан дәрігерлер жауапкершіліктен бас ала қашқандай. 

«Менің басты талабым перзентімнің денсаулығы толық қалпына келсе екен деймін. Қалалық емхана облыстық дәрежеге көтермей жағдайымды өздері емдей алмаса неліктен дәрігерлердің бас қосуында көтеріп, шешімін таппаған? Қашан барсам жиналыста жүретін №5 қалалық емхананың бас дәрігері Жақсылық Әбілқасымұлыда жағдайымды білсе де ұстатпайды»,- деді Нұрсұлтанның анасы.

Расында, мән жайды білу үшін №5 қалалық емхананың бас дәрігері Жақсылық Әбілқасымұлы кіргенімізде, «Мен бос емеспін қазір онлайн зум конференцияға кірейін деп отырмын»,- деп қысқа қайырды.
Өткізіліп, көтеріліп, айтылып жатқан конференциялардың халық үшін пайдасы болмаса керегі қанша? «Жамбас сипар» жиналыстардың тау қопарар шешімі қайда? Денсаулық сақтау мекемелерін жағалап жүргендердің саны жетіп артылады.   Расында денсаулығымызды сеніп тапсырғандағы дәрігерлеріміздің сыйқы осы болғаны ма? Баяғы Гиппократтың ант суын ішкен ақ халатты абзал жандардың азайғандығы ма? Өзінен өзгенің өмірін биік қоятын, науқасы айыққанша жанынан тапжылмайтын дәрігерлердің бейнесінің өзгеруіне не себеп?

Айтылған мәселенің мәнісіне жетуіміз үшін Денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Майя Мейрамбайқызы: «Алдағы уақытта толық зерттеліп, тиісті шаралар қолданылады. Жіті бақылауға алынып, назарға алынады»,-деді.

Алдағы уақытта көмек беріліп, мемлекет тарапынан арнайы квотамен Алматы қаласына жолдама берілетіндігі мәлім болды. Алайда, шыбын жанын қоярға жер таппай, денесінің қышуы азаймаған кішкентай Нұрсұлтанның денсаулығы болашағы біз үшін маңызды. Айтарға тілі жоқ, денесінің тырым-тырымы шыққанша қанталата тыр-тыр қасыған сәбидің   күнделікті өмірі осылай өтпей, әдемі балалық сыйлайды деп сенейік.


редактор,
Айгерім  РАХЫМЖАНҚЫЗЫ