Қызылорда қаласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында «Тіл туралы» Заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жалғасуда
2022 жылғы 4 тамыз күні Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ облыстық, қалалық филиалдарының өкілдерінен құрылған мобильді топ Қызылорда қаласының Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының көрнекі ақпараттарында «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталуына кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Нәтижесімен «Тіл туралы» Заң талаптары бұзылған 20 кәсіпкерлік нысанға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Түсіндіру барысында «Moment market», «Make up», «Ismart» дүкендері, «Азалия», «Buton» гүлдер дүкендері, «Expresso» дәмханасы, «Elita» сән салоны, т.б. кәсіпкерлік нысан иелеріне «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес барлық көрнекі ақпараттар (жарнамалар), ас мәзірлері міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылуы қажет екендігі, ал қажеттілігіне қарай, басқа тілдерде жазуға болатындығы айтылды.
Оларға Заңнан үзінділер, көрнекі ақпарат мәтіндерін жазудың және орналастырудың схема-үлгілері, анықтама алу және сұрақтар бойынша басқарманың байланыс телефондары мен әдістемелік көмектер көрсету үшін электронды поштасы және жарнама мәтіндерінің грамматикалық, стилистикалық жағынан дұрыс ресімделуін қамтамасыз ету мақсатында watsap нөмірлері жазылған таратпа материалдар берілді.
Сонымен қатар, қажет болған жағдайда қызмет көрсетушілерге мемлекеттік және орыс тілдерінен тегін оқыту курстарын (онлайн, офлайн) ұйымдастырып, жарнама мәтіндерінің дұрыс аударылуына көмек көрсетілетіндігі жеткізілді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасына сәйкес деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды
бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзу туралы» Қазақстан Республикасы
Кодексінің 75-бабында жауаптылықтар қарастырылғандығы ескертілді.