ҚЫЗЫЛОРДАДА ОРЫН АЛҒАН ОҚИҒАЛАР ЖАЛҒАН СТАТИСТИКАНЫҢ НӘТИЖЕСІ МЕ?
Соңғы уақытта Қызылорда облысында жастар мен жасөспірімдер арасындағы топтық төбелес оқиғалары азаяр емес - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысында жастар арасындағы топтық төбелес күн санап артып келеді. Аймағымыздың күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – жастар мен жасөспірімдер арасында топтасып төбелесу. Осы орайда жергілікті полиция қызметкерлері жүргізген профилактикалық іс-шаралары неге нәтижесіз?
Қызылорда қаласындағы мектеп оқушылары суық қару алып бір-біріне пышақ сұқса, аудандардағы жастар төбелесі тепкінің астында қалдыруда.
Бүгінде жастар арасындағы төбелес жайында жиі құлаққағыс болудамыз. Себебі ауыл жастары арасындағы басты мәселе − жұмыссыздық. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін мәдени орындардың жұмысы жандандырылмаған. Аймағымыздағы NEET санатындағы жастардың санының белгісіздігі. Жасыратыны жоқ жүйесіз құрылған жастар арасындағы әлеуметтік жобалар да бар. Ауыл жастарының бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмайды. Өйткені барлық ауылда клуб үйлері бар, алайда жыл он екі айда мәдени іс шара өтпейді. Содан болар ауылда жастар арасында қылмыс көбеймесе азаймай тұр. Бүгінгінің жастары маскүнемдікке бейім, өйткені баратын жері жоқ. Ал, аудандардағы қылмыстың азаймауы осыдан. Бұл кешкілік серуендеп жүруге, түнде көшеде қалуға тіпті қауіпті. Бас көзіне қарамай ұрып-соғып, тіпті пышақтап кететін бұзақылар да бар. Себебі білегіндегі күшіне, бұзақы ісіне сеніп жүргендер көп. Тіпті отставкаға кеткен туыстары мен шенді - шенеунік «көкелеріне» сенген жастар да жетерлік. Түнгі мезгілде топтасып жүретін жастар да бар. Жастар саясатының жүргізілуін сөз етіп отырған жоқпыз. Нақты мәселе бар, бірақ ол қалай шешімін табуда?
«Ауруын жасырған өледі» деген. Полиция департаменті ауруын жасырып, жатқанда жастар арасындағы қақтығысты ушықтырып алмауымызға кім кепіл? «Жұмсақ» креслоны иемденген сала басшылары салғырттық танытуын, ай сайынғы «жалған» есеп беруін жалпы айтқанда көзбояушылық үшін қызмет етуді қашан қояр екен?
Тәртіп пен жастар саясатының тиімді жүргізілуін облыс әкімі сала басшыларына жүктесе басшыларымыз мектеп мұғалімдеріне ысырып қойғандығы да жасырын емес. Олай деуге басты себеп кешкілік рейд жұмыстарына мұғалімдердің жаппай тартылуы болып отыр.
Десек те, полиция басқармасы орын алған түйіткілді мәселені шешудің орнына, жасыруына не түрткі болды? Бірі жылы орнын суытқысы келмегені ме, әлде басшылардың салғырттығы ма? Олай деуге басты себеп кешегі Қазалы ауданындағы бір топ баланың тепкіге жыққандығына көз жұма қарап, Қызылорда облысының Полиция департаменті:
«Аудандық ауруханадан кәмелетке толмаған жасөспірімнің көрінгендігі туралы хабарлама түскен. Аталған дерек Қазалы аудандық полиция бөлімінде тіркелді. 2023 жылдың 6 сәуір күні жасөспірім Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс Баһадүр атындағы саябақта жаңбырдан соң тайғақ жолда жүгіріп жүріп, абайсызда құлағандығы анықталды. Қазіргі танда оның жағдайы қанағаттанарлық, жәбірленушінің және оның ата - аналары тарапынан шағым жоқ. Бұл дерек бойынша қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде»,- деп ресми мәлімдеме берген болатын.
Расында халық арасында дүрбелең туғызатын жалған ақпараттың таралуын анықтау және жолын кесу мақсатында мақсатты жұмыстар жүргізілуде белсенділік танытатын құзырлы орындардың жалған ақпарат беруіне не себеп? Тіпті әлеуметтік желі арқылы «жаттанды» жауапты жазудың шеберіне айналған жандар жұмыс жүргізуге неге құлықсыз? Eң сорақысы полиция полковнигінің тікелей қатысуымен болған оқиғалар да орын алғаны жасырын емес. Бұл мәселені аймақ басшысы да атап өткен болатын.
Облысымызда жастар арасындағы топтық төбелестің көш басында Қазалы ауданы тұр. Олай деуге басты себеп әлеуметтік желіге жарияланып, халық арасында қызу талқылауға түскен бірнеше оқиғаларды жариялаған болатынбыз. Солардың бірқатары:
- «Қызылорда облысында жаппай төбелес орын алды»
- «Қызылордада жаппай төбелес орын алды»
- «Полиция полковнигі қызмет бабын асыра пайдалануда» – қала тұрғыны
Облыс аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың нарядтары күшейтілді делінгенімен еш нәтиже бермей отыр. Қазалы ауданында аяусыз тепкіге ұшыраған мектеп оқушысы оған дәлел.
БАҚ өкілдеріне жалған ақпарат бердің деп жазба қалдыратын Полиция департаменті «ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша неге жауапқа тартылмайды?
Ал, Қазалы аудан әкімдігі жастар мәселесін соңғы орындарға ысырып қойған деген сөз бе? Жалпы жастардың мәселелеріне жүрдім бардым қарау бар. Әкімдердің жұмысы жастар мәселесін қалай шешуіне қарай бағаланса, жөн болар еді.