ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТЕЖЕЙМІЗ?
Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өткір. Бұл ашық айтыла бермейтін мәселе десек те болады. Алайда аурудың емі оның бар екенін мойындаудан басталатынын ескерсек, бұл мәселені де ашық айтып, талқыға салудың маңызды екенін түсінеміз. Ресми дерек бойынша елімізде отбасындағы зорлық-зомбылықтан көз жұматын әйелдер саны жыл сайын орта есеппен 400 адамнан асады екен.
Бұл ресми статистика, ал бейресми одан да көп болуы мүмкін. Отбасындағы отбасылық зорлық-зомбылық фактілері көбіне жабық күйінде қалады. Мамандар әйелдер мен балалар ұзақ жылдар бойы отбасында теперіш көрсе де, шындықты айта бермейтінін жасырмайды. Оның ішінде ұру, жәбір көрсету мен күнделікті қанау фактілері бар. Сарапшылар әр он отбасының жетеуінде қылмыс фактілері барын айтады. Яғни жетпіс пайыз отбасында зорлық бар, зомбылық бар. Ұзақ жылдар бойы соққы алудан көз жұматын немесе айықпас дертке шалдыққан жандардың да бар екені айтылады. Алайда оның зардабын отбасындағы зорлықтан деп тіркемейді, сәйкесінше ешкім жазаланбайды.
Отбасындағы зорлықтың сан түрі бар. Ол тіпті отбасын құрған сәтте де басталуы мүмкін. Мысалы БҰҰ бойынша Орталық Азияда қыздың өз еркінен тыс, келісімінсіз алып қашу фактілері жиі кездесетіні айтылады. Көршілес Қырғызстан бұл қылмыстан көш бастап тұр. Қазақстанда да бұл фактілер бар. Тіпті өмірге ұл бала келмегені үшін, тамақтың дәмсіз болғаны үшін, ерте ұйқыдан тұрмағаны үшін де жарына зорлық көрсететін отбасылар бар. Бұл тым қарапайым тақырып болуы мүмкін, бірақ оның артында тағдырлар жатыр.
Зорлық-зомбылық тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Статистика бойынша отбасындағы зорлық-зомбылық әйел адамдарға қатысты жасалады, егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. Бүгінде отбасындағы зорлық жайында жаңалықтарды жиі естіп, оқып жүрміз. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине берекесі мен бірлігі жоқ, күндегі айқай шудан шаршаған әйелдердің көбі ажырасуға мәжбүр болады.
Әрине, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық орын алуына ер азаматтарының алкагольге тәуелді болуы және бұл зорлық-зомбылықтың орын алуына ең негізгі фактор болып табылады.
Нәтижесінде отбасыларының шаңырағы бұзылып, балалар зардап шегеді. Ең бастысы зорлық-зомбылық кей жағдайларда ауыр қылмыстардың орын алуына алып келеді.
Ал, заң жүзінде Мемлекет басшысы отбасындағы зорлық-зомбылықты азайту мақсатында, арнайы жобалар мен бағдарламалар заң тармақтары өз күшіне енді. Солардың бірі тұрмыстық зорлық-зомбылығы үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының Қылмысық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының 73 бабына сәйкес отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде, немесе өзге тұрғынжайда жасалатын басқа да әрекеттер жатады.
Жасыратыны жоқ, отбасындағы зомбылықты көріп өскен баланың психикасына зиян келіп, тіпті баланың одан «агрессор» болып өсуіне және де күнделікті ұрыс қалыпты өмір деп қабылдауы әбден мүмкін.
Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу - бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті екенін естен шығармауымыз қажет. Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесіндегі қос босаға-тәртіп пен мәдениет күллі адам атаулының күнделікті әдеттеріне айналған кезде,біздер мейірімі мол,қайырымды қоғамды құрып ғана қоймай,зорлық-зомбылықсыз балалық шақтың шаңырағын биіктете түскен болар едік. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру бәрі де адамның өз қолында.