"Аңшыға әр киік үшін 4000 теңге төленеді": Әкімдік
Әлеуметтік желіде атылған киіктердің өлексесі далада шашылып, етінің базарда сатылып жатқаны жөнінде түрлі ақпарат тарады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Осы ретте Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ауланған киік етінің қайда жөнелтіліп жатқанын, дериваттары қайда сақталатынын және бұл жұмысқа кімнің жауапты екенін мәлім етті.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың айтуынша, БҚО-да ет комбинаты киік етінің келісін 900-1200 теңге аралығында сатылымға шығаруда. Облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында ауланған киік еті қайда жөнелтіліп жатқанын, дериваттары қайда сақталатынын және бұл жұмысқа кімнің жауапты екенін сұрады.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес 2023 жылдың 15 қыркүйегі мен 30 қарашасы аралығында өңірде ақбөкендердің санын реттеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, киіктер санын реттеу үшін алғашында корал (тор құру) әдісі қолданылған. Кәсіпкерлерден әрқайсысының құны 15 млн теңге болатын 2 тор және қосымша құрылғылар сатып алынған. Бірақ бұл әдіспен ақбөкендерді ұстау қиынға соққан. Коралмен іс өнбеген соң экология министрлігі атуға шешім шығарып, аңшыларды жұмылдырған. Ал киіктің етін өңдеу үшін жануарларды тек корал әдісі арқылы ұстау қажет. Жалпы бұл жұмыстың бәріне "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК жауапты.
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда 2735 ақбөкен етке жөнелтілген. Оның ішінде 937 киік тормен ұсталса, ату әдісімен – 1798 бас ауланған.
Әкім орынбасарының айтуынша, "Охотзоопром" аңшыға әр киік үшін 4 мың теңгеден төлеп, жануардың етін ет комбинатына тапсыруда. Мүйіздерді "Охотзоопром" кәсіпорнының қызметкерлері кесіп тастайды, таңбаланады, нұсқаулыққа сәйкес нөмірленеді және сақтауға жіберіледі. Қазіргі уақытта мүйіздердің саны – 2514 дана.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев киік басын шектеуге, еті мен дериваттарын өткізуге қатысты ақпараттардың ашық болуы қажет екенін айтты.